Тіркелу
   Резидент РК
   Сгенерировать пароль
Пароль прийдет на указанный Email адрес
Алға
Кері қарай
Тіркелу
 

Возможности после регистрации:

Сможете задавать вопросы руководителям госорганизаций и получать на них ответы, получите доступ к документам для скачивания.


Сможете пользоваться дополнительными сервисами: участвовать в онлайн-конференциях, читать блоги, оставлять отзывы к госуслугам и оценивать качество их оказания.


В случае подписки на новости, получите информацию о всех событиях на свой E-mail.

По вопросам работы интернет - ресурса просим обращаться по телефону: 8 (7292) 42-83-32
Маңғыстау облысы
Облыс әкімдігінің ресми интернет - ресурсы
«Маңғыстау облысының жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидалары, Маңғыстау облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу
Жарияланды: 11.04.2019
Өзгертілді: 11.04.2019
Қаралды: 131

«Маңғыстау облысының жасыл

екпелерді күтіп-ұстау және қорғау

қағидалары, Маңғыстау облысының

қалалары мен елді мекендерінің

аумақтарын абаттандыру

қағидаларын бекіту туралы» шешіміне

өзгерістер мен толықтырулар енгізу

Қазақстан Республикасының2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің  2015 жылғы 20 наурыздағы № 235  «Жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың үлгілік қағидаларын, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде№ 10886 болып тіркелген) сәйкес облыстық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

1. Маңғыстау облысы әкімдігінің 2018 жылғы 28 ақпандағы  № 16/200 «Маңғыстау облысының жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидалары, Маңғыстау облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бекіту туралы» шешіміне мынадай өзерістер мен толықтырулар енгізілсін:

   Маңғыстау облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларына мынадай мазмұндағы  33-1) тармақпен толықтырылсын:

  33-1). Меншік иесінің келісімінсіз ғимараттарға, қоршауларға, қалалық жолаушылар көлігі павильондарына, жарықтандыру тіреулеріне, ағаштарға және т.б. қандай да бір хабарландыруларға, афишаларға және басқа да ақпараттық хабарламаларға жапсыруға және орналастыруға жол берілмейді;

  Маңғыстау облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларына 31) тармақ алынып тасталсын.

2. «Маңғыстау облыстық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі (аппарат басшысы Е.Ж. Әбілов) осы шешімнің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, оның Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде және бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Сессия төрағасы    Облыстық

мәслихат хатшысы

  Е. Әбілов       С. Трұмов

Маңғыстау облысының жасыл екпелерді күтіп-ұстау

және қорғау қағидалары

1. Жалпы ережелер

1. Осы Маңғыстау облысының жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы  1 шілдедегі Қазақстан Республикасының азаматтық кодексіне (ерекше бөлім), Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексіне, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы  16 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» (бұдан әрі – Заң) және 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді.

Қағидалар бұрыннан бар жеке тұрғын үй, азаматтардың саяжай учаскелеріне және мемлекеттік орман қоры учаскелеріне және республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қолданылмайды.

2. Қағидалар Маңғыстау облысының жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау саласындағы тәртіпті айқындайды және қатынастарды реттейді.

3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

1) абаттандыру – сол немесе өзге аумақты құрылыс және мақсаты бойынша қалыпты пайдалану үшін жарамды жағдайға келтіру, халықтың дені сау, жайлы және мәдениетті өмір сүру жағдайын жасау мақсатында жүзеге асырылатын жұмыстардың (аумақтарды инженерлік дайындау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдарды салу, коммуникациялық желілерді және сумен жабдықтау, кәріз, энергиямен жабдықтау құрылыстарын, жабындар құрылғыларын дамыту, монументті өнердің шағын сәулеттік нысандары мен объектілерін орналастыру, көгалдандыруды жобалау, шу деңгейін азайту, микроклиматты жақсарту, ауа бассейнін, ашық су айдындары мен топырақты ластанудан қорғау бойынша) және көрсетілетін қызмет (аумақтарды құрғатуға және көгалдандыруға тазалау, жинау, санитариялық тазалау бойынша) жиынтығы;

2) ағаштарды кесу – Қазақстан Республикасының 2014 жылғы  16 мамырдағы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңы (бұдан әрі – Рұқсаттар туралы Заң) 2-қосымшасының 159-тармағына сәйкес уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылатын ағаштарды кесу (қайта отырғызу) бойынша жұмыс;

3) ұшарбасты қалыптастыру – белгілі бір эстетиқалық түр беру және жасыл екпелерді жасарту мақсатында олардың солып қалуына әкеп соқтырмайтын, пішіндеуге келетін бұтақтар мен өркендерді, жекелеген ағаштарды, бұталарды және жолдағы екпелерді кесу;

4) дендрологиялық жоспар – құрылыс салу аймағын ескере отырып көкжелектердің, алаңқайлардың, жолдардың, су айдындарының ашық учаскелерімен үйлесімділікте өсіп тұрған және отырғызылуы жоспарланып отырған ағаш-бұтақ өсімдіктерінің жасыл екпелерінің сандық және түрлік құрамы көрсетілген жасыл екпелерді отырғызу жоспары;

5) жалпыға ортақ жерлер – алаңдар, көшелер, тротуарлар, өтпе жолдар, жолдар, жағалаулар, саябақтар, скверлер, қала ормандары, бульварлар, су айдындары, жағажайлар, зираттар және халықтың мұқтаждықтарын қанағаттандыруға арналған өзге де объектілер (жалпыға ортақ инженерлік жүйелер) орналасқан және оларға арналған жерлер;

6) жасарту – қаңқалы және жартылай қаңқалы бұтақтарды қатты қысқарту, өркендерді сирету және реттеу, бас жағы мен бұталардың құрғау салдарынан өзінің декоративтік сапасын жоғалтқан, сау діңді және сүңгекті жасарту үшін жарамды ересек ағаштардың кемінде 3,5 метр биіктіктегі діңдерін кесу;

7) жасыл алқап – түрлік құрамына қарамастан кемінде 0,125 гектар аумақта кемінде 50 дана ағашы бар көгалдандырылған аумақ;

8) жасыл екпелер – азаматтық заңнамаға сәйкес жылжымайтын мүлік болып табылатын және қаланың бірыңғай жасыл қорын құрайтын табиғи өскен және жасанды егілген ағаш бұтақты және шөпті өсімдіктер;

9) жасыл екпелерді жою – жасыл екпелердің өсуінің тоқтауына әкелетін зақымдану;

10) жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау – жасыл екпелерді, көгалдандырылған аумақтар мен жасыл алқаптарды құруға, сақтауға және өсіруге (оның ішінде кесілген жасыл екпелерді өтемдік қалпына келтіруге) бағытталған құқықтық, әкімшілік, ұйымдастырушылық және экономикалық шаралар жүйесі;

11) жасыл екпелерді сақтау – абаттандыру және құрылыс жұмыстарының нүктесіне түсетін, аса құнды екпелердің тұқымдарын сақтауға бағытталған іс-шаралар кешені;

12) жасыл екпелерді орман-патологиялық зерттеу зиянкестердің (жәндіктердің) болуын арнайы зерттеу, ауру белгілері мен ошақтарының болуын, діңдерде, тамыр жүйесі мен ұшарбаста зең ауруларымен (паразиттермен) зақымдану белгілерінің болуын анықтау. Егер екпелердің  50 (елу) пайыздан астамы аурулардан зақымданған болса, олар міндетті түрде кесілуі тиіс;

13) жасыл екпелерді түгендеу (тал басын санау) – көгалдандыру объектілерінің сандық және сапалық сипаттамаларын толық көрсете отырып, оларды есепке алу жөніндегі іс-шаралар кешені, сондай-ақ жоспарлы негізде әрбір көгалдандыру элементін графикалық бейнелеу;

14) жасыл екпелер тізілімі – жасыл екпелердің типтері, түрлік құрамы, алаңының көлемі, жай-күйі және орналасуы туралы деректер жиынтығы;

15) жеке тұрғын үй – үй маңындағы учаскеде орналасқан және шаруашылық пен басқа да құрылыстармен және жасыл екпелермен бiрге азаматтың меншiгiндегi жеке (отбасымен) тұруға арналған үй;

16) көгалдандырылған аумақ – табиғи жолмен өнiп шыққан өсiмдiктер орналасқан, жасанды жолмен жасалған бау-саябақ кешендерi және объектiлер, бульварлар, скверлер, көгалдар, гүлдер орналасқан жер учаскесі;

17) күтіп-баптау – өсімдіктердің жерасты бөлігін және топырағын күтіп-баптау (қоректендіру, суару, қопсыту және өзге де іс-әрекеттер);

18) өтемдік отырғызу жоспары – отырғызудың сандық бөлігін, тұқымдық құрамын, көлемін, күнтізбелік мерзімін, сонымен қатар жоспарлы негізге орайластырылған отырғызуды орналастырудың графикалық схемасын қамтитын кесуге, санитариялық кесуге ұшыраған ағаштарды отырғызу жоспары;

19) өтемдiк отырғызу – уәкілетті орган дендрологиялық жоспарға сәйкес айқындаған арнайы учаскелерде кесілген ағаштардың орнына отырғызу;

20) өтпе жол – тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға, мекемелерге, кәсіпорындарға, шағын аудандар, орамдар, елді мекендер ішіндегі құрылыс объектілеріне көлік құралдарының кіруін қамтамасыз ететін жол элементі;

21) санитариялық кесу – авариялық жағдай туғызатын (электр беру желілерінде, газ құбырларында жатқан, ғимараттардың жамылғысын зақымдайтын, жол қозғалысының қауіпсіздігіне қатер төндіретін), ауырған, құрғай бастаған, құрғақ және зақымданған бұтақтарды кесу;

22) тротуар – жаяу жүргіншілердің жүруіне арналған, жолдың жүру бөлігімен шектесетін немесе одан көгалмен немесе арық жүйесімен бөлінген жолдың элементі;

23) уәкілетті орган – жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау мәселелерін реттеу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі;

24) ұйым – жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау саласында маманданып жүрген жеке немесе заңды тұлға;

25) шағын сәулеттік нысандар – декоративтік сипаттағы және іс жүзінде пайдаланылатын объектілер (мүсiндер, субұрқақтар, барельефтер, гүл құмыралары, павильондар, күркелер, отырғыштар, құтылар, балалар  ойындары және ересектердiң демалысына арналған жабдықтар мен конструкциялар);

26) іргелес аумақ – ғимараттар, құрылыстар, қоршаулар, құрылыс алаңшаларының, сауда, жарнама объектілеріне және заңды немесе жеке тұлғалардың балансындағы, меншігіндегі, иелігіндегі, жалға алуындағы басқа объектілер шекараларына тікелей (периметрі бойынша 5 метр шекарадағы) жанасып жатқан аумақ.

2. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау шаралары

4. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерінде және республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, жеке тұрғын үй және жеке меншік қосалқы шаруашылық аумақтарында өсетін жасыл екпелерді қоспағанда, барлық жасыл екпелер аталған учаскелерде қалалар мен елді мекендердің қорғалуы тиіс бiрыңғай жасыл қор құрады.

5. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің көгалдандырылған аумақтарын дамыту дендрологиялық жоспарға сәйкес жүргізіледі.

6. Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасында көзделген аумақтардағы көгалдандыру жөніндегі барлық жұмыс түрлерi бекітілген жобалар бойынша орындалады. Аталған жұмыс түрлері Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

    7. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау мыналарды қамтиды:

    1) жасыл екпелерді отырғызу;

    2) ағаштардың діңгек қуысын орнатумен қыртыстарды қопсыту, ағаштарды ақтау, жасыл қоршамды қию, ағаштардың діңін көтеру, ағаш өскіндерін жою;

    3) гүлзарлар, көгалдарды орналастыру, арамшөптерді отау, шөптерді шабу, қысқы кезеңде раушан гүлдерін жауып ұстау;

    4) бүкіл вегетациялық кезең бойы жасыл екпелерді суару;

    5) авариялық, құрғаған, жасамыс ағаштарды және бұталарды санитариялық кесу, ұшарбасты қалыптастыру;

    6) тыңайтқыштар салу;

    7) жасыл екпелердің зиянкестерімен және ауруларымен күресу.

8. Жасыл екпелерді қайта отырғызу жыл ішінде арнайы қайта отырғызу технологиялары сақталған жағдайда жүзеге асырылады. Жапырақты және қылқан жапырақты ағаштардың тиімді ұласып өсуі мақсатында оларды күз түскен кезеңнен бастап көктемнің бас кезіне дейін отырғызу ұсынылады.

9. Ағаштарды жасарту және қалың өскен ағаштарды сирету іс-шаралар вегетация басталғанға дейін немесе күздің соңында жүргізіледі.

10. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде осы учаскеде сақтауға жататын барлық екпелер олардың тиімді қорғалуын қамтамасыз ететін арнайы қорғаныш қоршауларымен механикалық және өзге де зақымданулардан қорғалады.

11. Құрылыс салуға немесе басқа да жұмыстар жүргiзуге бөлiнетін учаскелерде жасыл екпелерді сақтау мүмкiн болмаған жағдайда, ағаштарды кесу (қайта отырғызу) Рұқсаттар туралы Заңға сәйкес уәкілетті органның келісімі бойынша жүргізіледі.

12. Қоршаған ортаны қорғау және қалпына келтіруді Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексіне сәйкес азаматтар, лауазымды және заңды тұлғалар жүзеге асырады.

13. Жасыл екпелердің барлық түрі есепке алынады.

14.  Жасыл екпелерді есепке алу осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасыл екпелер тізіліміне енгізілетін, есепке алу объектісінің шекарасында орналасқан жасыл екпелерді түгендеу және орман-патологиялық зерттеу арқылы жүзеге асырылады.

15. Уәкілетті орган жасыл екпелер тізілімін және оларды есепке алуды жүргізеді.

16. Жасыл екпелерді есепке алу нәтижесін көрсететін құжат ресімделген түгендеу және орман-патологиялық зерттеу материалдары, сондай-ақ дендрологиялық жоспар болып табылады.

17. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау бойынша қызмет көрсетуді, сондай-ақ жалпыға ортақ жерлердегі жасыл екпелерді түгендеу және орман-патологиялық зерттеу жүргізуді ұйымдар жүзеге асырады.

18. Уәкілетті орган жасыл екпелерді түгендеу және орман-патологиялық зерттеу материалдарының көшірмесін жасыл қормен жұмыс істеу кезінде ұсыным ретінде пайдалану үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі аппаратына жібереді.

19. Қалың өскен жасыл екпелер өздігінен құлаған кезде жасыл екпелерді қалпына келтіру уәкілетті органның бекітілген дендрологиялық жоспарына сәйкес жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі.

3. Ағаштарды кесу (қайта отырғызу),санитариялық кесу

20. Ағаштарды кесу (қайта отырғызу) мынадай:

1) бекітілген және келісілген қала құрылысы құжаттамасында көзделген құрылыс объектілерін орналастыру үшін жағдайлар жасалуын қамтамасыз ету;

2) инженерлік абаттандыру объектілеріне, жерүсті коммуникацияларына қызмет көрсету;

3) авариялық және төтенше жағдайларды жою, оның ішінде инженерлік абаттандыру объектілерінде жою;

4) жасыл екпелердің сапалық және түрлік құрамын жақсарту қажеттігі;

5) адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне қатер туғызатын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне залал келтіретін ескі екпелерді санитариялық кесу жағдайларында жүзеге асырылады.

21. Жалпыға ортақ жерлердегі және ғимараттарға, құрылыстарға, көп қабатты тұрғын үйлерге іргелес аумақтардағы желдің және табиғи сипаттағы өзге де жағдайлардың, жол-көлік оқиғаларының нәтижесінде ағаштар авариялық құлаған жағдайда құлаған ағаштарды жинауды, құлаған жерлерді уақтылы санитариялық тазалауды және ағаш қалдықтарын шығаруды қызмет көрсететін учаскелер бойынша ұйымдар жүзеге асырады.

22. Жалпыға ортақ жерлердегі ағаштарды кесуді (қайта отырғызуды) уәкілетті органның рұқсатымен осы жер учаскесінде қызмет көрсететін ұйымдар жүргізеді.

23. Жалпыға ортақ жерлердегі ағаштарды санитариялық кесуді уәкілетті органның келісімімен осы жер учаскесінде қызмет көрсететін ұйымдар жүргізеді.

Ағаштардың өздері, сондай-ақ олардағы бұтақтарының құлауы адамдардың өмірі мен денсаулығына, ғимараттар мен үй-жайлардың, коммуникациялардың зақымдалуына, жол қозғалысының қауіпсіздігіне (оның ішінде жол белгілерінің жауып тұрса) қауіп төндіретін төтенше немесе апатты жағдайлардың туындауы мүмкін жағдайларда ағаштарды санитариялық кесу уәкілетті органның келісімінсіз жүргізіледі.

24. Ағаштарды санитариялық немесе мәжбүрлі кесу фактісі төтенше жағдайлар органдарының құтқару қызметінің куәландыру актісімен белгіленеді, кейіннен уәкілетті органға хабарланады.

25. Ағаштарды кесу (қайта отырғызу) жеке және заңды тұлғалардан кесілген ағаштардың орнына өтемдік отырғызу туралы кепілхат ұсынылған жағдайда Рұқсаттар туралы Заңға сәйкес уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.

4. Ағаштарды өтемдік отырғызуды жүргізу тәртібі

26. Ағаштарды қалпына келтіру арнайы учаскелерде қаланың немесе елді мекеннің өтемдік ағаш отырғызу жоспарына сәйкес, қажет болған жағдайда жерін құнарлы топыраққа ауыстыра отырып жүргізіледі.

27. Өтемдік отырғызу ағашты кесуге мүдделі болған азаматтар мен заңды тұлғалар есебінен жүргізіледі.

28. Ағаштарды кесу және санитариялық кесу кезінде ағаштарды өтемдік отырғызу ағаш көшеттерін отырғызу жолымен жүргізіледі.

29. Уәкілетті органның рұқсаты бойынша ағаштарды кесу кезінде қалпына келтірілетін ағаштарды өтемдік отырғызу бес есе көлемде жүргізіледі.

30. Заңды және жеке тұлғалар ағаштарды қайта отырғызған кезде өтемдік отырғызу жүргізілмейді.

Қайта отырғызулар ағаштардың солып қалуына әкеліп соққан жағдайда, бес есе көлемдегі өтемақы белгіленеді.

31. Ағаштарды өтемдік отырғызуды заңды және жеке тұлғалар өздерінің жеке меншік жерлерінде немесе маңындағы аумақтарда өз беттерінше, ал ағаштарды мәжбүрлі түрде кесу кезінде көгалдандыруды, жасыл екпелерді күтіп-ұстауды жүзеге асыратын ұйымды қатыстыра отырып, жалпыға ортақ жерлерде жүзеге асырады.

32. Отырғызылған ағаш көшеттері солып қалған жағдайда, ағаштарды кесуге мүдделі болған тұлғалар немесе ұйым жасыл екпелерді қайтадан отырғызуды жүзеге асырады және ағаштарды отырғызған кезден бастап екі жылдың ішінде (ағаш көшетінің ұласып өсу кезеңі) олардың одан әрі күтіп бапталуын қамтамасыз етеді.

5. Қорытынды ережелер

33. Осы Қағидалардың бұзылуына жол берген жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Маңғыстау облысының

жасыл екпелерді күтіп-ұстау

және қорғау қағидаларына

қосымша

Нысан

____ жылғы 1 қаңтардағы Жасыл екпелер тізілімі

Жасыл екпелер объектілерінің (учаскелерінің) алаңын жердің санатына, өсімдіктің типтеріне, функционалдық мақсатына қарай бөлу

Қала/елді мекен

Әкімшілік аудан: (код)_____________________

Жауапты иесі:____________________________

Жасыл екпелер тізілімі

Кесте

р/с № түгендеу / жасыл екпе паспортының №

Жердің функционалдық мақсаты (екпелер санаты)

Ағаш өсімдігі

Бірлі-жарым ағаштар, дана

Топтар, куртиналар, дана

Тоғайлар, алқаптар, дана

Жол бойындағы екпелер, дана

Жиыны дана

Бұталы өсімдіктер

Бірлі-жарым, дана

Жасыл қоршам (қ.м.)

Қатарлап отырғызу, дана

Топтық отырғызу, дана

Барлығы қ.м./ дана

Ашық кеңістіктер

Гүлзарлар

Көгалдар

Жазғы м2

Көп жылдық, м2

Контейнерлік, дана

Вазон м2

Альпинарий, рокарий, м2

Жиыны м2 / дана

Партерлік, м2

Кәдімгі, м2

Жер қыртысының жамылғысы, м2

Жиыны м2 /дана

Ескертпе:

қ.м. – қума метр;
м2 – шаршы метр.

Маңғыстау облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидалары

1. Жалпы ережелер

1. Осы Маңғыстау облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидалары(бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының азаматтық кодексіне (ерекше бөлім), Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы  9 қаңтардағы Экологиялық кодексіне, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» (бұдан әрі – Заң),  2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді.

2. Қағидалар Маңғыстау облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру саласындағы тәртіпті айқындайды және қатынастарды реттейді.

3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

1) абаттандыру – сол немесе өзге аумақты құрылыс және мақсаты бойынша қалыпты пайдалану үшін жарамды жағдайға келтіру, халықтың дені сау, жайлы және мәдениетті өмір сүру жағдайын жасау мақсатында жүзеге асырылатын жұмыстардың (аумақтарды инженерлік дайындау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдарды салу, коммуникациялық желілерді және сумен жабдықтау, кәріз, энергиямен жабдықтау құрылыстарын, жабындар құрылғыларын дамыту, монументті өнердің шағын сәулеттік нысандары мен объектілерін орналастыру, көгалдандыруды жобалау, шу деңгейін азайту, микроклиматты жақсарту, ауа бассейнін, ашық су айдындары мен топырақты ластанудан қорғау бойынша) және көрсетілетін қызмет (аумақтарды құрғатуға және көгалдандыруға тазалау, жинау, санитариялық тазалау бойынша) жиынтығы;

2) қатты тұрмыстық қалдықтар – қатты түрдегі коммуналдық қалдықтар;

3) өтпе жол – тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға, мекемелерге, кәсіпорындарға, шағын аудандар, орамдар, елді мекендер ішіндегі құрылыс объектілеріне көлік құралдарының кіруін қамтамасыз ететін жол элементі;

4) тротуар – жаяу жүргіншілердің жүруіне арналған, жолдың жүру бөлігімен шектесетін немесе одан көгалмен немесе арық жүйесімен бөлінген жолдың элементі;

5) уәкілетті орган – коммуналдық шаруашылықты реттеу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі;

6) ұйым – абаттандыру саласында маманданып жүрген жеке немесе заңды тұлға;

7) шағын архитектуралық нысандар – декоративтік сипаттағы және іс жүзінде пайдаланылатын объектілер (мүсiндер, субұрқақтар, барельефтер, гүл құмыралары, павильондар, күркелер, отырғыштар, құтылар, балалар ойындары және ересектердiң демалысына арналған жабдықтар мен конструкциялар);

8) іргелес аумақ – ғимараттар, құрылыстар, қоршаулар, құрылыс алаңшаларының, сауда, жарнама объектілеріне және заңды немесе жеке тұлғалардың балансындағы, меншігіндегі, иелігіндегі, жалға алуындағы басқа объектілер шекараларына тікелей (периметрі бойынша 5 метр шекарадағы) жанасып жатқан аумақ.

2. Тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету

4. Жеке және заңды тұлғалар барлық аумақта, оның ішінде жеке үй иелері аумақтарында тазалықты сақтайды және тәртіпті қолдайды, қалалар мен елді-мекендердің абаттандыру элементтерінің (жолдар, тротуарлар, көгалдар, шағын сәулеттік нысандар, жарықтандыру, су бұрулар) зақымдануына және бұзылуына жол бермейді.

5. Жергілікті жерлерді ағымдағы санитариялық күтіп-ұстауды аумақтарды абаттандыру саласында маманданған ұйымдар жүзеге асырады.

5-1. Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасында көзделген аумақтардағы абаттандыру жөніндегі барлық жұмыс түрлерi бекітілген жобалар бойынша орындалады. Аталған жұмыс түрлері Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

6. Барлық ұйымдық-құқықтық нысандардың жеке және заңды тұлғалары, оның iшiнде күрделі және уақытша объектілердің иелерi мыналарды:

1) дербес өз қаражаты есебінен немесе ұйымдармен шарттар жасасу жолымен бөлінген аумақты санитариялық күтіп-ұстауды және абаттандыруды қамтамасыз етеді;

2) кез келген меншік объектілеріне ұқыпты қарайды, мемлекеттік меншік объектілеріне залал келтірілген жағдайлар туралы тиісті органдарды хабардар етеді;

3) көшелер және үй нөмірлері көрсетілген тақталарды техникалық дұрыс жағдайда және тазалықта ұстайды;

4) қоршауларды (шарбақтарды) және шағын сәулеттік нысандарды тиісті жағдайда (қоршаудың (шарбақтың) сыртқы жағын бояу, әктеу) күтіп-ұстайды.

3. Аумақтарды жинауды ұйымдастыру

7. Жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды жинау және күтіп-ұстау қызмет көрсетудің мынадай түрлерін қамтиды:

    1) ұсақ және тұрмыстық қоқыстар мен қалдықтарды жинау және шығару;

    2) ірі көлемді қоқыстар мен қалдықтарды жинау және шығару;

    3) сыпыру;

    4) қамысты, қурайды, шөптерді және басқа да жабайы өсімдіктерді шабу және шығару;

    5) қоршаулар мен шағын сәулет нысандарын ағымдағы жөндеу және сырлау.

8. Жалпыға ортақ пайдаланылатын аумақтарда орналасқан парктерді, скверлерді, бульварларды, су айдындарын, жағажайларды, зираттарды, оның ішінде оларда орналасқан тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, саты баспалдақтарын жинауды заңды және жеке тұлғалар мен осы объектілерге қызмет көрсететін және пайдаланатын аумақтарды бекіту субъектілері жүргізеді.

9. Объектілердің меншік иелері жапсарлас аумақтарда (автотұрақтар, боксты гараждар, ангарлар, қосалқы қойма құрылыстары, ғимараттар, сауда және қызмет көрсету объектілері) санитариялық тазалауды және жинауды коммуналдық шаруашылық ұйымдарымен қамтамасыз етеді немесе оны өз бетінше жүргізеді.

10. Көшелер мен өтпе жолдардың бойында орналасқан тротуарларды, жолаушылар көлігінің аялдама алаңын жинауды жүру бөліктерін жинауға және күтіп-ұстауға жауапты ұйымдар жүргізеді.

11. Аялдама кешендерін және қоғамдық жолаушылар көлігінің аялдама алаңында оларға іргелес аумақтарды, ақылы автотұрақтар, гараждардың аумақтарын, сондай-ақ кіреберіс жолдарды, іргелес аумақтарды жинауды және жууды олардың иелері жүзеге асырады.

12. Жол жөндеу жұмыстарын жүргізгізу кезінде құрылыс қоқыстарын осы жұмыстарды жүргізген ұйымдар шығарады.

13. Су ағатын желілерде ластануды болдырмау үшін су ағатын коллекторларға, жауын суын қабылдайтын құдықтарға және арық жүйесіне қоқыстардың тасталуына жол берілмейді.

14. Жерүстi инженерлік құрылыстарын пайдаланушы ұйымдар мен иелері инженерлiк желілердің қорғалатын аймақтарының шекарасында іргелес аумақтардың санитариялық күтіп-ұсталуын қамтамасыз етеді.

15. Көшелер мен өтпе жолдардан қарды шығару жергілікті атқарушы органдар айқындаған жерлерге жүзеге асырылады.

16. Қарды уақытша жинау орындары қар ерігеннен кейін қоқыстардан тазартылады және абаттандырылады.

 

4. Қалдықтарды жинау және шығару

17. Жеке және заңды тұлғалар, олардың қызметі нәтижесінде пайда болған өндіріс және тұтыну қалдықтары пайда болған кезінен бастап қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз етеді. Жеке және заңды тұлғалар қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтайды.

18. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруды ұйымдар уәкілетті орган белгілеген бекітілген кестеге сәйкес мерзімдерде жүзеге асырады. Кестелер қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау алаңдарында ілінеді.

19. Құрылыстарды және (немесе) жылжымайтын объектілерді жөндеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар құрылыс қоқысын өз бетінше арнайы орындарға немесе Қазақстан Республикасының 2007 жылғы  9 қаңтардағы Экологиялық Кодексіне сәйкес қоқыс шығаруды жүзеге асыратын ұйыммен шарт бойынша шығаруы тиіс.

20. Үй иелерінің аумағында мамандандырылған көлік үшін ыңғайлы кірме жолдармен контейнерлерді орналастыруға арналған арнайы алаңдар болады. Контейнерлерді орнатуға арналған алаңдардың бетонды немесе асфальтты жабыны және қоршауы болады. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін қақпақтары бар контейнерлерді қолданған жөн.

21. Қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерге және контейнерлік алаңдарда күл тастауға және жинауға жол берілмейді.

22. Қатты тұрмыстық қалдықтар қоқыс шығаратын көліктермен, кәріз тартылмаған үй иелерінен сұйық қалдықтар ассенизациялы вакуумдық көліктермен шығарылады.

23. Сұйық қалдықтар мамандандырылған автокөлікпен арнайы бөлінген орындарға шығарылады. Контейнерлер босатылғаннан кейін сол жерде дезинфекциялық ерітіндімен өңделеді немесе босатылған орындарда өңдеуден өткен тазаларына ауыстырылады. Контейнерлерді өңдеу орындарын тазалауға, жууға және дезинфекциялауға арналған, ыстық және суық су өткізілген, судың ағып кетуі ұйымдастырылған құрылғылармен жабдықтау қажет.

24. Сұйық тұрмыстық қалдықтар мен ірі көлемді қоқыстарды қоқыс шығару құбырына тастауға болмайды.

25. Қоқыс шығару құбырын пайдалануды иелігінде тұрғын үй бар пайдаланушы ұйым жүзеге асырады.

26. Жеке тұлғалар контейнер алаңдары аумағында орналасқан, құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды жинау үшін арнайы контейнерлерде құрамында сынап бар істен шыққан шамдар мен аспаптарды қауіпсіз жинауды қамтамасыз етеді.

27. Контейнерлік алаңдарды және контейнерлерді пайдаланатын және оларға қызмет көрсететін ұйымдар мыналарды:

1) контейнерлік алаңдарды және оған іргелес аумақтарды тиісті санитариялық күтіп-ұстауды қамтамасыз етеді;

2) оларға уақтылы жөндеу жүргізеді және одан әрі пайдалануға жарамсыз контейнерлерді ауыстырады;

3) қоқыс қабылдайтын камералардың, алаңдардың, сондай-ақ қалдық жинағыштардың тұрақты жуылуын, дезинфекциялануын, шыбындарға, кеміргіштерге қарсы дезинсекциялануын, дератизациялануын қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдайды.

28. Контейнерлерден қоқыс шығаратын машинаға тиеу кезінде шашылып қалған қоқыстарды қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруды жүзеге асыратын ұйымдардың жұмысшылары шығарады.

29. Вокзалдарда, базарларда, әуежайларда, саябақтарда, демалыс аймақтарында, алаңдарда, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде, көшелерде, қоғамдық жолаушылар көлiгі аялдамаларында, сауда объектілерінің кіреберістерінде қоқысқа арналған құтылар орнатылады. Халықтың жаппай баратын орындарында құтылар бір-бірінен кемінде 50 метр арақашықтықта, аулаларда, саябақтарда, алаңдарда 10-нан 100 метрге дейінгі арақашықтықта құтылар орнатылады. Жолаушылар көлiгі аялдамаларында және сауда объектілерінің кіреберістерінде екi құтыдан орнатылады.

30. Құтыларды орнатуды, тазартуды және жууды аумақты пайдаланатын ұйымдар немесе аумаққа иелік ететін немесе пайдаланатын ұйымдар  жүргізеді. Құтылар толуына қарай, бiрақ кемінде күніне бір рет  тазартылады.

Құтылар ластануына қарай, бiрақ кемінде аптасына бір рет жуылады.

5. Көшелерді, тұрғын үй орамдарын және шағын аудандарды абаттандыру

31. Шағын аудандар мен орамдардың тұрғын үй алаңдары Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының  2015 жылғы 24 ақпандағы № 125 «Тұрғын үйді және басқа да үй-жайларды, қоғамдық ғимараттарды күтіп-ұстауға және пайдалануға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 10637 болып тіркелген) бекітілген санитариялық қағидаларының 5-тармағының талаптарына сәйкес қоқыс контейнерлеріне, кір кептіретін, балалар демалатын, ойнайтын, спортпен айналысатын, үй жануарларын серуендетуге арналған алаңдармен, автотұрақтармен, орынтұрақтармен, жасыл аймақтармен жабдықталады.

32. Алаңдардың саны, орналасуы мен жабдықталуы сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес болуы тиіс.

6. Ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін күтіп-ұстау

33. Қарамағында ғимараттар мен құрылыстар бар жеке және заңды тұлғалар, ғимараттар мен құрылыстардың меншік иелері көрсетілген объектілердің қасбеттерін және олардың жекелеген элементтерін (балкондар, лоджиялар, су ағатын құбырлар) қалпына келтіру, жөндеу және бояу бойынша жұмыстарды уақтылы жүргізуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ қасбеттерде орналастырылған ақпараттық тақтайшаларды, ескерткіш тақтайларды таза және дұрыс жағдайда ұстайды. Дүкендер мен кеңселердің көшелерге қасбеттермен шығатын витриналары жарықпен безендіріледі.

33-1. Меншік иесінің келісімінсіз ғимараттарға, қоршауларға, қалалық жолаушылар көлігі павильондарына, жарықтандыру тіреулеріне, ағаштарға және т.б. қандай да бір хабарландыруларға, афишаларға және басқа да ақпараттық хабарламаларға жапсыруға және орналастыруға жол берілмейді.

34. Өз еркімен ғимараттардың қасбеттерін және олардың конструктивтік элементтерін қайта жабдықтауға жол берілмейді.

7. Сыртқы жарықтандыруды және субұрқақтарды күтіп-ұстау

35. Көшелердің, жолдардың, алаңдардың, жағалаулардың және басқа жарықтандырылатын объектілердің сыртқы жарығын қосу жергілікті атқарушы орган бекіткен кесте бойынша табиғи жарық деңгейінің азаюы кезінде кешкі ымырт кезінде 20 люкске дейін, ал сөнуі – таңғы күңгіртте 10 люкске дейін артуы кезінде жүргізіледі.

36. Сыртқы жарық құрылғылары мен байланыс желілерінің элементтері, металл бағаналары, кронштейндер тазалықта ұсталып, тот басу ошағы болмай, сырлануы қажет. Жанып кеткен шамдарды ауыстыруды тиісті ұйымдар жүзеге асырады.

37. Істен шыққан құрамында сынап бар газ разрядты шамдар осы мақсаттарға арналған арнайы бөлінген үй-жайларда сақталады және олар кәдеге жарату үшін арнайы кәсіпорындарға шығарылады. Көрсетілген шамдардың түрлері полигонға шығарылмайды.

38. Электрлендірілген көліктің жарық және байланыс желілерінің құлап қалған бағаналарын шығаруды негізгі магистральдарда бағана иелері дереу жүзеге асырады; басқа аумақтарда, сондай-ақ бөлшектелген бағаналар - тәулік ішінде шығарылады.

39. Уәкілетті орган коммуналдық меншіктегі субұрқақтардың тиісті жағдайын және пайдаланылуын қамтамасыз етеді.

40. Субұрқақтарды қосу мерзімдерін, олардың жұмыс істеу режимдерін, тостағандарын жуу және тазарту кестесін, технологиялық үзілістерін және жұмыс істеуінің аяқталуын уәкілетті орган айқындайды.

41. Субұрқақтар жұмыс істеп тұрған кезеңде судың беті күн сайын қоқыстан тазартылады. Пайдаланушы ұйымдар субұрқақтардың тазалығын жұмысы тоқтаған кезеңде де оларды тазалықта ұстайды.

8. Қорытынды ережелер

42. Осы Қағидалардың бұзылуына жол берген жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылады.


Маңғыстау облысының әкімі
Трұмов Серікбай Өтелгенұлы